Жетісайдағы апалы-сіңлілі үш қыз оқиғасы: Қорлық көрген жасөспірімдер әкелерінде қалғысы келеді

23 сәуір, 16:19

Бұған дейін өгей анадан қорлық көргендерін айтқан үш қыздың "Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырылғанын жазған болатынбыз. Мекеме басшылығының айтуынша, мұнда олардың рухани сауығулары үшін барлық жағдай жасалған. Қыздар психолгтардың бақылауында. Жеткіншектер орталықта 3 айдай болады. Алдағы уақытта 3 қыздың кіммен қалатындығы сот шешімі арқылы белгілі болады.

"Қыздар әкесін көп сұрайды, енді жақсы көргеннен кейін шығар, көбінесе әкесін сұрап, әкесіне барғылары келетіндері туралы айтты. Қазіргі таңда жасөспірімдердің жағдайлары жақсы, оқу-тәрбие процестерімен жұмыс жүргізілуде. Психологтың тереңдетілген жұмысы, диагностикалық-коррекциялық жұмыс та қолға алынды. Медициналық алғашқы тексеруден өткізілді. Денсаулықтары жақсы. Тамаққа деген тәбеттері де өте жақсы. Алғаш келгенде үйренісе алмай, ортаны жатырқап, қатты ашуланып жүргендерін жасырмаймын. Ал кешеден бастап тамақтарын жақсы тұтынып, орталыққа бейімделе бастады", - дейді "Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы" КММ директорының орынбасары Назгүл Құрманалиева.

Естеріңізге сала кетейік, 28 жастағы әйелге бір үйдің үш қызын қорлап, дене жарақаттарын салғаны үшін айып тағылған болатын. Осыған дейін өгей ана қыздарды қанша рет және қалай жазалағаны туралы жазбаша есеп те жүргізген. Қыздардың әкелерінің айтуы бойынша, олардың туған шешесі бес жыл бұрын тастап кеткен, содан кейін балалар анасын көрмеген. Ал туған аналары қыздарын мәжбүрліктен тастағанын айтып ақталды.

Айыпталған 28 жастағы келіншек жүктілігіне байланысты үй қамақта отыр.

Іске қатысты тергеу амалдары жалғасуда.