​Шамалған станциясында жолаушылар пойызы ер адамды қағып мерт қылды

05 қазан, 14:58

Алматы облысының Шамалған станциясында «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызы белгіленбеген жерде темір жолдан өтіп бара жатқан ер адамды қағып кеткен. Ер кісі алған жарақаттан оқиға орнында қайтыс болды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған факті бойынша Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі, яғни, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қозғалыс қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері белгіленбеген жерлерде темір жолдарды кесіп өткені үшін 34 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Шұғыл тежеу фактілері де азаяр емес.
«Осы уақыт ішінде бұл бойынша 1618 факт тіркелді, оның 308-і теміржол бойында адамдардың болуымен, ал 1140-ы малдың жайылуына байланысты болған. Нәтижесінде 1066 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 9 айда еліміз бойынша 72 азамат пойыз астына түскен, олардың жартысынан көбі көз жұмған. Соның ішінде 10 факт бойынша балалар зардап шекті, өкінішке орай, оның 8-і қайтыс болды» делінген мәліметте.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері азаматтардың белгіленбеген жерлерде темір жолдарды кесіп өтуі. Әлі күнге дейін адамдар теміржолдың қаншалықты қауіпті аймақ екендігін, оның зардаптарын жете түсінбейді.
Пойыздардың адамдарды жиі қағып кету фактілері, мына станцияларда тіркелген: Алматы 1 - 11, Шымкент - 7, Ақтөбе - 6 және Қарағанды-Сұрыптау және Тараз станцияларында 5 факт.