Бүгін, су жаңа Үкімет басшысы Асқар Мамин Түркістан облысының активіне жаңа әкімді тапсырды. Енді бұл қызметті бұрынғы Үкімет басшысының орынбасары әрі Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев басқарады.
Өмірзақ Естайұлы Түркістан өңірінің жұртшылығы үшін жат емес. Түркістан қаласының тумасы болғанымен, көрші жатқан Бәйдібек ауданында өскен. Айта кетерлігі, еліміздің оңтүстік өңірін басқаруда дәл осы бәйдібектіктердің жолы болғыш. Бұған дейін ОҚО-ны басқарған Асқар Мырзахметов, күні бүгін қызметінен босап қалған Жансейіт Түймебаевтардың да осы ауданмен байланысы бар.
Өткенде көз жүгіртіп, Түркістанның жаңа басшысының балалық шағына оралсақ...
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сенсек, бала Өмірзақ волейбол мен баскетболды жақсы ойнаған. Тіпті палуан деген атағы да бар. Мақта да терген. Математика мен физика пәндерін жақсы сүйіп оқыған ол мектепті «Алтын белгімен» бітірген. Одан өзге мектеп кезінде ауылдық ансамбльде саксофон ойнап көзге түскен өнерлі жігіт болған. Саксофон демекші, Шөкеев қызметте кезінде де қолына осы аспап түрін алып, көптің ықыласына бөленген болатын. Айтпақшы, Бәйдібек ауданында Өмірзақ Естайұлының әкесінің атында көше бар.
2006-2007 жылы сол кездегі ОҚО әкімі болған Шөкеевтің жұмыстарын жергілікті халық әлі күнге дейін айтып келеді. Соған қарағанда өңірге қайта келген шенеуніктің бұл оралуы көпшілік үшін жағымды жаңалық болуы мүмкін.
Өмірзақ Шөкеев қызметтік жолында түрлі лауазымдарда отырған, тіпті Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
Өмірзақ Естайұлы Самұрық Қазына басқарма төрағасы кезінде Ақордада өткен жиында Мемлекет басшысына өзінің сөзін ешкім тыңдамайтынын айтып, шағымданды...
2018 жылы АШМ кезінде Өмірзақ Шөкеев Астанада ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесінде тез дайындалатын кеспеден (лапша) талай рет дәм татқанын айтты...Кейінірек тілшілерге берген сұхбатында кез келген адам жанына жақын іспен айналысуы керек деп өзі бос уақытында спорт және музыкамен айналысатынын атап өтті.