Түркістан облысы Сайрам ауданында мал азығына лық толы "ГАЗ 53" маркалы жүк көлігіне белгісіз ер кісі өрт қойды. Ер азамат мұндай әрекетке ішімдік ішіп алып барған екен. Шөп артылған көлікті қасақана өртеп қана қоймай, ол өрттің жанып жатқан сәтін бақылап отырған.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер оқиға кешкі сағат 21:50 шамасында болғанын растады. Аудандық полиция бөліміне ауыл көшелерінің бірінде шөп артып алған "ГАЗ 53" маркалы жүк көлігі жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден шықты.
«Оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, куәлардан жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер жүк көлігіне келіп, ондағы шөпті өртеп жіберген күдікті адамның бейнесін тапты. Ол от қойғаннан кейін орындыққа отырып, өртті бақылаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Сайрам ауданының тұрғынын анықтады. Белгілі болғандай, ер адам мас күйінде белгісіз себептермен жәбірленушінің көлігін өртеп жіберген» деп атап өтті Полиция департаменті.