Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушылары таза әрлеудегі әкімдіктің тапсырысымен салынған үйлерді алады. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келетін және пәтердің ең үлкен ауданы 80 шаршы метрге дейін қарастырылған.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша Бақытты отбасы» бағдарламасы қатысушыларының негізгі тізімдегі азаматтар арасында Тұран 2 шағын ауданындағы 168 пәтер және Нұрсәт шағын аудандарында орналасқан 162 пәтер бойынша конкурстар «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде.
Сондай ақ 2023 жылдан бастап жалпы «Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектері, мүгедек бала асыраушы отбасы санатындағы азаматтар аталған тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бастапқы жарна -10%, банктің жылдық мөлшерлемесі – 2% -ды құрайды. Ипотекалық несиелендіру 20 жылға рәсімделеді. Толық емес отбасылар санатындағы азаматтар енді бұл бағдарламаға қатыса алмайды.
Айта кету керек, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасына жалпы саны 432 лимит бөлінген болатын. 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 365 отбасы несиелік баспанамен қамтылған.
Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде.
«Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сертификаты ұсынылуда. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастаған. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылып отыр.