Шымкент әкімі қарттарды мерекемен құттықтады

30 қыркүйек, 12:11

1 қазан - Халықаралық қарттар күніне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов еліміз бен шаһардың дамуы жолында елеулі үлес қосқан бірнеше ардагердің үйіне барып, арнайы құттықтады. Оларға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етті.

Қала басшысы алғашқы құттықтауын еңбек ардагері Райса Райымбекқызы Ахметованың шаңырағынан бастады. Ардагер ұстазбен әңгімелескен Мұрат Әйтенов мереке иесіне ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.


Райса Райымбекқызы Шымкент қалалық комсомол комитетінің хатшысы боп бастап, Оңтүстік Қазақстан облысы халық ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметіне дейін атқарған. Ұзақ жылдар халық депутаттары қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. «Құрмет белгісі» ордені мен «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» атағының иегері.

Құттықтау легі «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Гулужиган Байгаринаның отбасында жалғасты. Еңбек ардагерін мерейлі мерекемен құттықтаған қала басшысы Гулужиган Абдулажанқызына да зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақ пен береке тілеп, үйдің отағасы - Шәміл атаға шапан жапты.

Гулужиган Байгарина 1937 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын тігін маманынан бастап, 1975-1987 жылдар аралығында «Восход» тігін бірлестігінің бас инженері, кейін бас директоры болады. Ал 1991 жылы «Восход» ААҚ ШФ Президенті болып тағайындалып, осы саланың дамуына зор үлес қосты. Ұзақ жылғы еңбегі ақталып, оған Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытқаны үшін «Қазақстан өнеркәсібінің еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы беріледі.

Өз кезегінде ардагерлер де құрмет көрсетіп, кішілік ізетін жасаған шаһар басшысына алғысын жаудырып, қазақстандықтар үшін бейбіт те берекелі өмір тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның ең қарт тұрғыны Түркістан облысында тұрады. Ол 121 жаста. Келесі қарт тұрғын-120 жаста, Шымкент қаласында тұрады.
Айта кетейік, Халықаралық қарттар күні 1991 жылдан бастап 1 қазанда аталып өтіледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында жарияланды (1990 жылғы 14 желтоқсандағы № A/RES/45/106 қарар).
Қарарда БҰҰ-ның қартаю проблемалары бойынша нысаналы қорға жарналардың төмендеуі байқалады, әлем халқының қартаю қарқыны танылады, қарт адамдар даму процесіне елеулі үлес қоса алады деп танылады. Бас Ассамблея үкіметтер мен үкіметтік емес ұйымдарды қартаю мәселелері бойынша сенім қорына үлес қосуға шақырды.
1 қазанда егде жастағы адамдардың құқықтарын қорғау қауымдастықтары ұйымдастыратын түрлі фестивальдар, олардың құқықтары мен қоғамдағы рөлдеріне арналған конференциялар мен конгрестер өтеді. Қоғамдық ұйымдар мен қорлар бұл күні түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады.