Шымкент әкімі әкімшілік-іскерлік орталықтағы құрылыс жұмыстарын аралады

03 қазан, 16:35

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов әкімшілік-іскерлік орталықтағы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын тексерді.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік-іскерлік орталығында 9 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бұған дейін No 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескертулер беріліп, айыппұл салынған болатын. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын.


Қала басшысы аталған орталықтағы бірнеше нысанда болып, құрылыс барысын тексерді. Оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 9 қабатты No 13,14,15,16 тұрғын үйлер құрылысы мен аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын қадағалап, тапсырманың тиісті мерзімде орындалу қажеттігін атап өтті.


«Шымкентте 49 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұрғанын ескеретін болсақ, тұрғын үй құрылысын дамытуға бар күш жігерімізді салуымыз қажет",-деді Мұрат Әйтенов.

Дәл осы орталықта 4 автомобильге арналған өрт сөндіру депосы мен қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жер телімінің жалпы ауданы - 1,2 га.

Қала әкімі өрт сөндіру депосының құрылысымен де танысып, жұмыс барысын тексерді. Тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына сапаны қадағалай отырып, ғимараттың мерзімінен кешіктірілмей берілуін тапсырды.

Құрылыс жұмыстары биыл басталған болатын. Жоспарға сәйкес ғимарат келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, қала басшысы жаңа нысандардың салыну барысын тексерумен қатар, азаматтарды қабылдау және есеп беру кездесулерін өткізеді.
Жыл басынан бері мегаполистің елді мекендерін аралау барысында 125 кездесу өткізіліп, 1020 мәселе көтерілді. Олардың әрқайсысы жеке хаттамаға енгізілді, оның орындалуы мұқият бақылауға алынды. Нәтижесінде бүгінгі күні 488 мәселе шешілді, 377-сі жыл соңына дейін шешіледі, ал 195-і 2023-2025 жылдарға арналған жоспарға енгізіледі. Сонымен қатар, аудан белсенділерімен ай сайын әкімдік ғимаратында қабылдау өтеді. Соңғы 9 айда 11 жеке қабылдау өткізіліп, 1 217 азаматтың сұрақтары тыңдалды. 2 341 сұрақтың 760-ы іс жүзінде шешілді, 1 476-сы орындалды, қалған мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілетін болады.
Мұрат Әйтенов билік пен халық арасындағы байланыс осындай ашық диалогтар арқылы талқыланатынын және алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасатынын атап өтті.