Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қалада жаңадан құрылған бесінші ауданның арқасында шаһардың қай бөлігі дамитынын айтты. Бұл туралы қала басшысы жергілікті мәслихаттың кезекті жиырмасыншы сессиясы кезінде мәлімдеді.
«Бұл ауданға «Тұран» атауының берілуі тарихи тұрғыдан ерекше шешім екенін атап өткім келеді. Құрылған жаңа аудан қаламыздың оңтүстік-батыс бөлігінің дамуына ықпал етеді деп сенемін»,-деді ол.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, сессияда күн тәртібіне сәйкес Шымкент қаласында білім берудің сапасын арттыру және жаңа оқу жылына, жылу маусымына дайындық шаралары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалуы, Шымкент қаласында құрылған бесінші ауданға атау беру, сонымен бірге бірқатар мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді.
Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, биыл 24 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде үш ауысымды мектеп саны 9-дан 5-ке азаяды. Сонымен қатар, бұл жылы өткен жылға қарағанда 1-сыныпқа баратын балалар саны 3 мыңға артқан. Бастауыш сынып оқушылары толығымен осы жылы да бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады.
Ал Энергетика және ифрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы қаладағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 20 қыркүйекке дейін толығымен аяқталатынын жеткізді. Бүгінде жылу қазандықтары 80 пайызға, сорғы стансалары 82 пайызға, көпқабатты үйлер 74 пайызға жылу маусымына дайын.