01 желтоқсан, 23:13
Рахмет саған, Ғабидолла! - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Тұңғыш Президент күні мерекесінде қала халқына жасаған сыйлығы үшін Шымкенттің әкіміне алғыс айтты, деп жахабарлайды Elitar.kz.
"Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек. Көлігің немістен, әйелің Шымкенттен болу керек, - деген Зауытбек Қауысбекұлы сөзін көңілді жалғастырды: - Бір кездері бізге Арбат арман болатын. Ал бүгін оның ашылуына келіп отырмыз. Рахмет саған, Ғабидолла!"
Шымкенттегі Арбат 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні ашылды.
Шымкентте отбасымен демалатын «Арбат» ашылды. Демалыс аймағы қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінде орналасқан.
Арбаттың ұзындығы 430 метр, ені 35 метрді құрайды. Мұнда 7 су бұрқақ орнатылып, велосипедпен серуендеу үшін вело жолақ, суретке түскісі келетіндерге арнайы «Селфи-аймақ» та бар. Мұнымен қоса шынымен қапталған сарқырама және латын әрпімен жазылған «Шымкент» жазуы бар.
Арбат граниттен жасалған Қазақстанның атлас-картасы мен 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді.
Арбаттағы мереке ресми ашылу салтанатына дейін басталды. Алдымен мұнда Домбыра-пати өтіп, кейін түрлі жанрдағы музыканттар жинала бастады.
Ал ашылу салтанатына бес мыңға жуық адам қатысты. Сағат 19:00-де қызыл лента қиылып, ресми ашылған соң Арбаттағы барлық жарық бір мезетте самаладай жанды. Арбаттағы ең көрікті жарық инсталляциясы - төбеде ілінген 12 періште. Сонымен қатар сәуле шашып тұрған жүздеген қолшатыр да серуендеушілердің көңілін көтерері анық.

Мереке соңы Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен концертке жалғасты. Айта кетейік, Арбаттың құрылысы 4 айға - тамыздан 1 желтоқсанға дейін жүрді.

Автор:
Elitar.kz