Жұлдыз шағын ауданында құрылысы басталған «Оңтүстік» айналма жолының жолындағы 11 жеке тұрғын үй сүрілетін болған. Алайда ондағы тұрғындарды баспаналарына беріліп отырған өтемақы мөлшері қанағаттандырмай отыр. Ұсынған ақшасы мардымсыз екенін айтады халық.
«Менің аумағы 100 шаршы метр шығатын үйімді жеке компания небәрі 8 млн. теңгеге бағалады. Мен онымен келіспей, сотқа жүгіндім. Соттағылар нүктесін әлі қоймады. Баспанам биік, аумағы да үлкен. Біздің бұл төңіректе бос жердің өзі 6 млн теңге тұрады. Ал менің үйімді бары -жоғы 8 млн теңге бағалап кетті. Менің үйімді жерге ұрып жатқанына ішім ашиды. Сондықтан орташа бағасын шығарып беруін талап етіп отырмын», -дейді Жұлдыз шағын ауданының тұрғыны Маруф Хамидов.
- Үйімді кеңейтіп жатырмын. Фундаментіміз құйылып, дайын тұр. Енді соның қабырғасын көтеріп, шатырын жапсақ па дегенде мына хабар келді. Ойланып қалдық. Тіпті үйімізге көгілдір отын кіргізуді де тоқтатып тұрмыз, алдағы күні жағдай қалай болады деп. Көршімізге 8 млн. теңге ғана беріп жатыр екен. Бізге де сол шамада ұсынатын шығар...Жерге жауапты басқармадан Самат деген жігіт келіп кетті. Ол 10 млн. теңге берілсе Құдайға шүкір деп қуаныңдар деп айтты. 10 млн. теңгеге ештеңе ала алмаймыз ғой, сонда мен екі баламмен далада қалмақпын ба?!..Егер жеткілікті ақша бермесе мен үйімді сүргізбеймін.
Бұған дейін бағалаумен айналысқан компанияның келісім шарт мерзімі аяқталған. Енді бұл іспен өзге мердігерлер айналысады. Қазіргі конкурстан ұтып алғандар бағалау жұмыстарына енді кіріседі. Ал олардың басаналарды қаншаға бағалайтынын өздері шешеді. Біздің басқарма тек мемлекеттік қаулыға сәйкес мемлекет қажеттілігіне алу жағына ғана араласа алады.