Шымкенттің элиталы азаматтарына арналған қалашық бой көтерді 

16 мамыр, 11:53

Шымкентте Голливуд жұлдыздарының үйлері секілді баспаналар пайда болды.


Қалтасы көтеретін кез келген тұрғын енді "Park Residence" деп қалашықтың тұрғыны атануы мүмкін. Жаңа қалашықты «Оtau group» компаниясының иесі салып жатыр.

Тіпті бизнесмен отбасымен бірге қалашықтың алғашқы тұрғындарының бірі атанған.


Орталық Азияда теңдесі жоқ қалашықта тұрғынға қажетті нысандардың барлығы бар. Дүкеннен бастап мейрамхана, фитнес залдары мен бассейн, тіпті ашық аспан астындағы сегіз жүз метрлік жүгіру алаңы да қарастырылған. Жобаны салушы бизнесмен Қайрат Молдасейітовтің айтуынша, инфрақұрылым жүргізілген бірде бір құбыр сырт көзге көрінбейді.


Барлығы ыңғайлылық үшін жер асты жүргізілген.

Бұл қалашықты салу идеясы кәсіпкер азаматқа осыдан жеті жыл бұрын келіпті. Өмір сүруге ыңғайлы жер іздеген ол ақыры осы бір жобаны салуды мақсат тұтып, әлемнің танымал қалаларын шарлап шығыпты.
"Әлемге әйгілі "Порше" көлігінің иесі де кезінде жақсы көлік іздеп, таппаған соң өзіп құрастырған ғой. Сол сияқты мен де тұратын жақсы жер іздедім. Жеті жылдай дүние жүзін аралап шықтым. Дубайда, Шанхайда, Стамбулда, Еуропаның басқа да қалаларына болып қалашықтарын көрдім",-деді кәсіпкер.
Қалашықтағы үйлерді сатып алуға анау-мынау адамның қалтасы көтермейді. Үйлердің әр шаршы метрі 260 мың теңгеден басталады. Жоспар бойынша қалашықта заманауи талапқа сай 250 коттедж пен таунхаус бой көтермек.