Өткен жылы 57 шымкенттік азамат сот шешімімен әке деп танылып, алимент айқындалса, 29 тұлға ата-аналық құқығынан айырылған. 25 ажырасқан бұрынғы ерлі-зайыптының балаларының қай ата-анамен қалатындығы сот арқылы анықталған. Бала асырап алудың күшін жою туралы 4 іс қаралған. Ал 56 азамат шымкенттік сот арқылы бала асырап алған. Бұрынғы жұбайлар арасында баламен кездесуді ұйымдастыру туралы 56 азаматтық іс қаралыпты. Бұл туралы Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айтылды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
"Ажырасқан ата-аналар балалармен кездесу уақытын белгілеу туралы алдымен білім басқарамаларына өтініш білдіре алады. Бұл сатыда келісімге келе алмаған ата-аналар сотқа жүгініп, сот арқылы дауды шешуге тура келеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты азаматтық істердің арасында осы санаттағы істер азаймай тұр. Көбінде ажырасқан аналар "Баланың психикасына әсер етеді деген секілді уәждерді алға тартып, баланың әкесімен кездесу белгілеуден бас тартып жатады. Біз бітімгерлікке келуге үндейміз" деп жатады",-деді Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Феруза Балтаева.