Шымкентте туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен гид-экскурсоводтар мен қонақ үй қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар бұл шеберлік сабақтарының басты мақсаты туризм саласындағы мамандардың қызмет көрсету сапасын жақсарту және білімін жетілдіру екенін атап өтті.
«Шымкентке биыл 3 айда 97 501 турист келген. Бұл көрсеткіш өңірімізде туризм саласының қарқынды дамып жатқандығын айқындайды. Келген туристі алдымен күтіп алатын қонақ үй өкілдері мен олардың қаланы танып-білуде экскурсия жүргізушілерінің біліктілік дәрежесі аса маңызды. Бүгінде Шымкентте арнайы білімі бар, сертификатталған 80-ге жуық гид-экскурсовод бар. Сала өкілдерінің білімдерін жетілдіру арқылы қаланың туристік әлеуетін көтере отырып, туристердің сапалы демалуына жағдай жасаймыз» - дейді «Visit Shymkent» туристік ақпарттық орталығының жетекшісі Ерлан Омаров.