"ҚазТрансГаз" АҚ-ның қызметкерлерігаздың бағасын арзандату мүмкін еместігін айтты. Ал шаһардың іргесіндегі бірнеше елдімекен тұрғындары әлі күнге дейінкөгілдір отын тапшылығын тартып отыр.
Жергіліктібилік өкілдері коммуналдық саланың проблемалық мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Халықтың жылдан жылға шарықтап бара жатқан жылу мен электр энергиясының бағасы арзандайды деген үміті ақталмайтын сияқты. Жиынға кешігіп былай тұрсын, дайындықсыз келген "ҚазТрансГаз" АҚ-ның өкілі жылу бағасының арзандамайтынын мәлім етті. Онымен қоса газ саласының маманы тосыннан қойылған сұрақтарға жауап бере алмай тосылып қалды. Яғни, мәслихат депутатының «көгілдір отынға модернизациялау жұмыстары бойынша мемлекет тарапынан қанша қаражат бөлінді» деген сұрағына газ маманы бұл сұраққа дайын емес екенін жасырмай айтты.
Қымбатшылықтың құрбанына айналған мұндағы қара халық көгілдір отынға жауапты қызметкердің алқымынан алып, сұрақтарды қарша боратты. Тұрғындардың айтуынша, шаһарға іргелес жатқан елдімекендер мен қалаішілік жылудың тарифтік төлем ақы құны екі түрлі екен.
Жарыса, жанталаса көкейтесті сұрақтарын жолдаған тұрғындар көгілдір отынды пайдалануда салынатын жылдық айыппұлдың да нормалық ережесін жеңілдетуді сұрады. Сонымен қатар газды модернизациялауға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөліне тұра, қала тұрғындары оны да төлеуге мәжбүр екенін ашына айтты. Тіпті бұл сорақылықты қағаз жүзінде де дәлелдеп бере аламын деген қоғамдық қабылдауға кездейсоқ келген азаматтар сұрақ-жауапқа дайындықсыз келген сала мамандарын бір сыбап алды.
Қымбатшылықтан қалтасы қағылған азаматтар кездесу барысында көгілдір отынның тарифтік құны қайта есептелінеді дегенді естігенде бір тыншығандай болды. Алайда оның өзі нақты қашан іске асатыны белгісіз екен. Ал Елбасы өз жолдауында табиғи монополияларды реттеп, бәсекелестікті арттырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды тапсырған болатын. Алайда тариф саясатын жетілдірумен қатар бөлшек саудадағы жылудың төлем құнын төмендетеміз деген мамандардың бұл уәдесі қаншалықты орындалатыны уақыт еншісінде.
Фото: dpchas.com.ua