Шымкентте LED-экрандары өшірілді

25 сәуір, 10:15

Шымкентте жарнама туралы заңға енгізілген өзгерістерге байланысты, жарнама компаниялары қаладағы барлық LED-экрандарды өшірді, деп хабарлайды "Отырар" - ға сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

11 сәуірде күшіне енген жарнама туралы заңға енгізілген өзгерістер кәсіпкерлердің пікірінше өте тиімсіз. Жарнама берушілер енді осы түзетулер бойынша жарнама агенттіктерінен ситивизорлар мен LED-экрандарда жүгіртпе жолдар мен жарнамалық роликтерді орналастырғаны үшін жеке салық алынатынына наразы. Енді олар ситивизорлар мен LED-экрандар және басқа да конструкциялардағы әрбір бейнеролик пен сурет үшін салық төлеуі тиіс.

"Мүмкін, осы түзетулерді қолға алған адамдар салық салу арқылы бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтамыз деп ойлаған шығар. Бірақ олар өте қателеседі. Мысалы, қалада бар үш LED-экран үшін әрбіріне 50 мың теңгеден салық төледім. Енді бір күн ішінде 20 рет айналатын әрбір роликке 20 рет салық алынады! Бұл біздің бизнес секторы үшін өте ауыр.. Біз мониторларды өшіріп, салық төлемейміз! Жарнама жоқ - Салық жоқ", - дейді Шымкент жарнама агенттігінің төрағасы Әбдіғани Сейдуалиев.

Оның айтуынша, бір күнде қанша ролик айналғанын қадағалау мүмкін емес. Жаңалыққа қатысты тағы бір үлкен мәселе бар - салық төлеу мерзімі туралы. Осы мәселелерді жарнама компаниялары Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен мемлекеттік кіріс органдарының өкілдерін шақырумен өткен кездесуде көтерді. Шенеуніктер қалыптасқан жағдай бойынша нақты түсінік бере алмаған. Тиісті мекеме Ұлттық экономика министрлігіне жарнама туралы заңнамадағы жаңашылдықтар аясында салық салуды ресми түсіндіру туралы сауал жолдады.