08 ақпан, 20:30
Күні бүгін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары ана мен балалардың жағдайын білу үшін ауруханаға барды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Перзентханадан жуырда ғана шығарылған балалар отбасында жайы болмағандықтан мазасызданып, ауруханаға түскен болатын. Сала мамандары "Ізгілікте жарысайық" қайырымдылық қорымен бірлесіп мұқтаж жандарға азық-түлік пен балалар сүтшелерін жеткізіп берді. Қамқор жандар тіпті қажетті киім-кешек пен гигиеналық заттарға дейін түгендеп әкелген. Үшемді дүниеге әкелген Фозила Досметова жағдай сұрасқан жандарға алғыстарын жаудырды. Осындай қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созған қайырымды жандардың жақсылығына тәнті болды.

Айта кетейік, жалғызбасты көпбалалы ананың жағдайы көпті бейжай қалдырмады. Жуырда үшемді болған Фозила Досметоваға алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері көмек қолын созған болатын. Басқарма мамандары көпбалалы отбасына тиесілі барлық қолдауды көрсету үшін құжаттарын тапсыруға атсалып жатыр. Тіркеуі болмағандығы салдарынан мемлекеттен берілетін барлық жәрдемақыдан қағылған бұл жандардың тиісті құжаттары рәсімделген соң атаулы әлеуметтік көмекпен және бір реттік жәрдемақымен қамтылатын болады.

"Отбасына өкілді азамат біздің мекемеге келсе, құжаттарын тездетіп тапсыруға көмектесуге әзірміз. Атаулы әлеуметтік көмек пен бір реттік жәрдемақыны айтпағанның өзінде бұл тұрғындар мемлекеттен тиісті қаржылық қолдауларды көре алады. Мәселен, бала бір жасқа толғанға дейінгі көмектер. Әр балаға 22 мың теңгеден астам төленеді, бір реттік жөргекпұл 159 163 теңге шығады. Балалар 1 жасқа толғаннан кейін анасы Күміс алқа иегері ретінде ай сайын 16 160 теңгеден алып отырады. Бұл отбасы біздің назарда болады. Мемлекеттен тиесілі барлық қолдауды көрсетуге барымызды саламыз",-деді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Ұлдана Бекбау.
Автор: Мақпал Рысбаева