Шымкентте түрмеден шыққандар жұмысқа тұрды

16 қараша, 17:04

Шымкентте "Сен қоғамға керексің" тақырыбында пробация қызметінің есебінде тұрған жұмыссыздарға арналған жәрмеңке болып өтті. Жыл басынан бері сондай 83 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жазасын шартты түрде өтеушілердің бірі - Мамырхан Исмаилов. Ол жазаның жеңіл түріне ауысып, шартты түрде қыркүйек айында бостандыққа шыққан. Содан бері жалдамалы жұмысшы болып еңбек еткен. Пробация қызметінің есебінде тұрған ол бүгін тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

"Бүгін жәрмеңке болып жатыр екен. Жұмыс таптым. Құдай қаласа 3 күннің ішінде жұмысқа орналасуға тырысамын. "Сен қоғамға керексің" демекші, енді Қазақстанның бір азаматы ретінде адал еңбек ететін боламын",-деді ол.

Бүгінгі жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан 28 кәсіпорын мен мекеме қатысты. Олар 350 тұрақты бос жұмыс орны мен арнайы бағдарламалар аясында 1000-нан аса уақытша бос жұмыс орнын ұсынды.

"Жұмыспен қамту орталығы мен Қаратау аудандық прокуратурасы бірлесіп, осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Пробация есебінде тұрған азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынып, қаладағы 4 аудандағы азаматтар жұмысқа жолданды. Қала әкімінің нөмірі 102 қаулысымен квота бойынша 21 адам жұмысқа жолданып, тұрақты жұмысқа жалпы 83 адам орналасты. Жыл басынан бері 226 азамат жұмысқа жолданып жұмыстарын енді бастап жатыр",-деді Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Өмірсейіт Әділет.

Жәрмеңке аясында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауға, ал жұмыс іздеп келушілер мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.