​Шымкенттік 200 жас заң саласына жұмысқа орналаспақ

12 ақпан, 19:00

Үшінші мегаполисте жұмыссыз жастардың қатары 200-ге азаятын болды. Дәлірегі, «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында қаламызда жаңа жоба жүзеге асқалы отыр. Аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің заңгер мамандығы бойынша түлектеріне Шымкент қалалық соты 200 жұмыс орнын ұсынып отыр.

Мақсатты жобаның жүзеге асуы үшін Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев және Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғ.Балтаев пен Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Н.Байтілесов арнайы меморандумға қол қойды.

Игі шара барысында жұмысқа жолдама алған жастар қалалық сот жұмысының жаңа форматы, цифрландыруға бағытталған пилоттық жобаларымен танысты. Сондай-ақ, Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы биылғы жастар жылына орай, жастарды жұмыспен қамту бағытында «Professional» жобасын да қолға алып үлгерді. Бұл жобаның негізгі көксегені - жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлектері мен жұмыссыз жастарды ірі өндірістік мекемелерде, кәсіпорындарда және мемлекеттік органдарда арнайы тәжірибеден өткізіп, тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Басқарма басшылығының айтуынша, жобаның нәтижесі мардымды болуы үшін қазір «ТОП-100» компаниялармен меморандум түзіп, өзара келісімшартқа тұру көзделген. Айта өтейік, тиісті бұл бастама аясында бір емес, 1000-ға жуық жас толқынның жұмыспен қамтылуы жоспарланып қойыпты.