Шымкенттік әйел «үй алып беремін» деп танысын сазға отырғызып кетті

04 қазан, 17:26

Шымкентте мемлекет тарапынан баспана алып беруге көмектесемін деп тұрғындарды алдап кететін алаяқтар азаймай тұр. Полицейлер кезекті рет осындай қылмысты ашты.

Әл-Фараби аудандық ПБ-на жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол өз шағымында 5 жылдан бергі танысы Шымкент қаласынан мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беремін деп 3 миллион теңгесін алып, соңында алдап кеткенін айтқан.

Ер кісінің арызы ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқ­тық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бір­ыңғай тізіліміне тіркелді.

«Күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар жүргізілді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматшаны қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 41 жастағы тұрғыны болып шықты. Ұсталған күдікті бұрын-соңды сотты болмаған. Алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті қалалық Полиция департаменті.