06 желтоқсан, 15:37
Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары шымкенттік сәбидің сүт қоспасындағы сынаптан улану оқиғасын (ата-анасының пікірінше) тексеруде, деп хабарлайды ОКҚ.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы – еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
«Біз бұл оқиғаны тексеріп жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, Шымкенттегі ауруханаға 2 айлық нәресте жеткізілген. Бұған дейін ол осы ауруханада өкпесіне суық тиюден емделіп шыққан болатын. Анасының сүтін емуге болмайтындықтан, сәбидің анасына Германияда жасалған «Humanа» балалардың сүт қоспасын беру тапсырылады. Айта кетейік, биыл Шымкент қаласы бойынша 58 балалар қоспасы тексерілген. Оның ішінде «Humanа» қоспасы соңғы рет қазан айында тексерілді, бұған дейін де Шымкентте 2 рет тексерілген. Барлық сынама техникалық регламентке сай келеді және «Humanа» балалар қоспасы Қазақстанда тіркелген, кедендік одаққа мүше елдердің барлығында сатылады. Сынамадан бөгде заттар, оның ішінде сынама да табылмады. Қазір біз осы оқиғаны тексеріп жатырмыз, анық болғаны, нәрестенің ата-анасы қоспаны дәріханадан сатып алған. Осы оқиға күдік туғызарлық жағдай болып отыр. Біз балалар қоспасында ауыр металдардың тұздары бар-жоғын анықтау үшін зертханалық тексеру жасаймыз», - деді Жандарбек Бекшин.
Жандарбек Бекшин, сонымен қоса, қазіргі таңда нәресте мен оның анасынан биосынамалар алынғанын айтты.
«Бұл биосынамаларда сынап қалдығы бар-жоғын тексереміз. Оған қоса үйдегі сынаптың қалдығын тексеру керек. Өкінішке қарай, баланың әкесі сынаптың қалдығын беруден бас тартуда. Біз онымен қосымша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сынапты аламыз деп ойлаймын. Айта кететіні, зерттеу күрделі емес. Жыл сайын осындай 2-3 жағдай тіркеліп тұрады», - деп түйіндеді дәрігер.
ФОТО: ortcom.kz
Автор:
Elitar.kz