Қостанайлық Ақшақары әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының тілегін орындауда

28 желтоқсан, 10:20

Қостанай облысында нағыз Ақшақар тұрады. Осымен екінші жыл қатарынан ол әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйлеріне келіп, балаларына сыйлықтар сыйлайды. Ақыға емес, тегін аралайды!

Сәлем, бұл мен – Ақшақармын!

Боровской ауылының тұрғыны Надежда Сесина былтыр өзі телефон сыйлаған балғындарға қоңырау шалып, осылай дейді. Жағдайларын сұрайды. Биыл нені қалайтынын сұрайды. Кейбір балғындар: «Ештеңе қажет емес! Тек келсеңіз болғаны!» деп жауап береді.
Былтыр Надежда әлеуметтік желіге пост жазып, өздеріне жаңа жылдық сыйлық ала алмайтын отбасыларды аралап, балаларын құттықтайтынын хабарлаған болатын. Қай балғынның нені қалайтынын жазуды сұраған. Содан кейін Аяз атамен бірге 119 баланы аралап шықты. Ал биыл Ақшақардың сыйқырлы қойын кітапшасында 91 отбасының тізімі бар. 31 желтоқсанға дейін балғындардың барлығын аралап шығуды жоспарлап отыр. Осылай деген Надежда әңгіме барысында бірден таңқалдырды:
– Келісіп алайықшы, сыйлықты қайдан алатыным туралы, «демеуші бар ма?» деп сұрамайсыз. Маған сыйлықтарды Аяз ата береді, бары сол. Мен онымен бала кезден танимын. Өзім нағыз Ақшақармын. Маған балғындар сенеді.
Қайырымды жүрек
Егер кәдімгі өмірі туралы айтсақ, онда Надежда – Боровской ауылының тұрғыны, 3 баланың анасы, кез келген мерекелік жиынның ажарын ашатын асаба. Өзі бес тілде – қазақша, орысша, ағылшын, украин және итальян тілдерін ән сала алады. Айтуынша, сыйлық тарату үрдісі дәл осы ән салу қабілетінен басталыпты.
– Маған кішкентай қыз хат жазды. Әлеуметтік желіде «Сәлеметсіз бе? Сіздің белгілі әнші екеніңіз рас қой? Егер Аяз атаны танитын болсаңыз, оған айтыңызшы, мен сурет салғанды ұнатамын, ал анам мольберт пен нағыз гуашьты сатып алуға қаржысы жоқ» деп жазды. Ұзақ ойланып қалдым, қайтсек баланы ғажайыпқа сендіре аламыз?
Содан әлеуметтік желіде Аяз атамен Ақшақардың сыйлықтарына өте мұқтаж отбасыларды қуанту туралы ойымды жаздым. Көптеген мектептерден мұғалімдер хабарласып, өздерінің сыныптарында спорттық аяқ киім, оқу құралдары мен тағы да басқа заттарға мұқтаж оқушылардың бар екенін айтумен болды. Содан қамқорлық бөліміне хабарласып, аудандағы жетім балалардың тізімін берді. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар да бар. Кейбірін таныстарым айтты, кейбірін өзім де білемін, ауылымыз үлкен емес қой. Оның үстіне асаба ретінде жиі аралаймын.
– Оңай емес шығар? Кейбір отбасылардағы жағдай төмен ғой...
– Түрлі жағдайлар кездесіп тұрады. Дегенмен, бірде-бір үй шашылып жатпады, бірде-бір мас ата-ана көрмедім. Бізді қарсы алуға дайындалғандары көрініп тұр. Әрине, тұрмыстары нашар болса да жинақы. Бірақ мен әр үйге ана ретінде кіремін. Балалардың жыртық киімін көрсем, алып кеткім келеді. Кейбір үйлердің бос, тіпті, теледидары жоқ екенін көру қиын тиеді, дегенмен, ондағы жағдай балалар үйінен жақсы ғой. Кейде сыртқа шыға салысымен жылап жіберемін. Мысалы, былтыр кейбір балалар йогурт топтамасын сұрады. Стакандағысын емес. Ешкіммен бөліскісі келмейтінін айтты. Себебі, апасы зейнетақысын алғанда, кішкентай йогурт алып береді. Оны барлығы бөліп жеп, жетпей қалады. Түсінесіз бе?
Тағы бір мынадай жағдай болды. Ауылдағы танысым бір мекенжайды айтып, сыйлыққа арналған және резіңке салынған қорапшаларды апарып, қолға білезік тоқуымды өтінді. 700 теңге деген бағасы да көрініп тұр. Содан келсек, апалары қартайған, әрең дем алуда. Кішкентай қыздар біздің көз алдымызда бес литрлік ыдыспен суды әрең тасып, апаларына көмектесуде. Үй таза, жинақы. Білесіз бе, олар қолдан тоқылған білезіктерді көргенде қатты қуанды. Кәмпиттерге қараған да жоқ. Бір-біріне үнсіз қарап, секіріп қуанып жүр. Содан «Біз үшін 700 теңге деген не тұрады?» деп ойладым. Тәтті кәмпиттің жарты келісі, бір шұжық... Ал ол балалар үшін керемет қуаныш.
Сіз кімсіз?
– Нені жиі сұрайды?
– Әртүрлі. Киімнен – жетім жеткіншектерге киімдер, спорттық киімдер, бокс қолғаптарын, футбол доптарын – себебі олар қымбат тұрады. Кейде құлаққап, гаджет. Кейбір балаларға біз өзіміз телефон сыйлаймыз. Бүгінде онымен балаларды таңқалдыра алмайсың, ол мектеп бағдарламасына да қажет, сыныптастары арасында да ұятқа қалмайды. Ал мұндай сыйлықтардан бөлек, анасын сұрайды балалар. Ондай балғындар өте көп...
– Сондай сәттерде қайтесіз?
– Мен оларға «Сенің анаң бар. Ол аспаннан саған қарап отыр. Егер қаласаң, оның сыйлығын берейін» деймін. Тек солай жұбата аламыз. Анасын сұраған бір қызға біз сөйлейтін қуыршақ әкеліп бердік. Ол ертегі айтып бере алады. Анасының орнына... Жағдайы өте ауыр отбасылар бар. Мысалы, бір әке жалғыз өзі 6 баласын асырып отыр. Немесе анасы әкесін өлтірген отбасы бар. Ал бір баланың анасы 40 күн бұрын қайтыс болды. Оған қазір хабарласқанда не айта аламын? Қиын, әрине. Дегенмен, кейін оған міндетті түрде хабарласамын.
– Ал ересектер қалай қарайды? Қамқоршылары, апалары?
– Жылайды, күледі де. Барлығымыз хормен ән айтқанда күледі. Ауа райы жақсы болса, далаға шығып ән саламыз, көршілерді қосамыз. Бұл балаларға ұнайды, олар әдетте қамқоршыларының немесе ата-анасының өздерімен бірге ән салғандарын көрмеген. Ал ересектер көңілді. Қуанғандарынан жылайды. Балалар емес, ересектердің бізге шындап сенген жағдайлары болды. Мысалы, бір балақай екі жыл бойы телефоным болса деп армандап жүріпті. Әжесінің әперуге жағдайы жоқ. Осы сәтте біз телефон алып, келе қалдық. Сыйлықты берген соң апасы далаға бізбен ере шықты. Маған бір, Аяз атаға бір қарайды. Ал ол – жасы келіп қалған кісі, нағыз Аяз атадан аумайды. Қарияның даусы дірілдеп, көзі жасаурап, «Сіздер кімсіздер? Шынында да ертегі кейіпкерлерісіздер ме?» дегені. Ғажайыпқа әрең сеніп, рақметті көз жасын төгіп тұрып айтты.
– Жаңа жыл қарсаңында Аяз аталар мен Қарша қыздар ақша табады. Ал сіздер, керісінше, сыйлықтар таратасыздар. Бұл қалай болғаны?
– Мен таңғажайыпқа сенемін. Себебі өмірдің өзі таңғажайып. Менің үш перзентім өсіп келеді. Кейде тұйыққа тақалғандай көрінетін қиын жағдай болады, бірақ, бір қарасаң, шешімі табылып жатады. Мен кейде бұл құдіретті күштің әсері ме немесе Аяз атаның көмегі деп ойлаймын. Аяз атаны бала кезімде түсімде жиі көруші едім. Жалпы, ғажайыпқа балалардың да, ересектердің де сеніп өскені жақсы деп ойлаймын. Әсіресе, осындай жаңа жыл түндерінде. Білесіз бе, бір отбасыларға барасың, баласы сал болып ауырады, сөйлей алмайды. Бірақ, саған көз алмай қарап, қолынан ұстайды. Бақытты екенін сезінесің. Сол бақытты сен жеткіздің оған. Міне, осындай сәтте қиындықтарды ұмытып кетесің...