Қостанай облысында әлеуметтік қызметкер өртті жалғыз өзі өшіріп, үй иесін сақтап қалды

13 желтоқсан, 13:00

Қарабалық ауданы Белоглинка ауылындағы зейнеткер Юрий Шурыгиннің үйінде өрт күндіз шықты. 82 жастағы зейнеткер жалғыз өзі тұрады. Балалары келіп тұрады, бірақ, сол күні ешкім болмаған. Қарабалық аудандық ТЖБ бастығы Сейітсәруар Құлбаев өрттің шығу себебін анықтағандарын айтады: қарт газ плитасын жақпақ болыпты, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Ал балалары қарияның қауіпсіздігі үшін газдың құбырын жауып кеткен екен. Юрий Шурыгин қағаз шиыршықтап, тұтатады. Газ плитасы қосылмай, қолындағы оты қарияның саусағын күйдіріп, жерге түсіріп алады. Ас бөлмесінде газеттер мен басқа да қағаздар жатқан. Ұшқын сонда тиіп, өртене жөнеледі.

Зейнеткердің жолы болды. Біріншіден, дәл сол күні үйіне әлеуметтік қызметкер Татьяна Орлова келетін күні екен. Екіншіден, бұл азаматша өрттен қорықпастан, көмекті күтіп отырмай отты өзі өшіреді.
«Маған бірден «Қария қайда?» деген ой келді», - дейді Татьяна.
Айтуынша, көк түтіннен үйдің ішінен түк көрінбей қалады. Ас бөлмеде түсқағаз, едендегі линолеум өртеніп жатыр, төбедегі аспашамдар құлауда. Ал дәліздегі телефонның ысып кеткені сондай, Татьяна оны қолына ала алмайды.
Әлеуметтік қызметкер содан көршінің үйіне жүгіріп барып, адамдарға хабар беруін сұрайды. Ол зейнеткердің ұлына хабарласқан. Ал Татьяна көршінің үйінен алған сүлгіні бетперде етіп тағып алып, үйге кіреді. Басқа бөлмелердің есігін ашып, атаны іздейін десе, ауа кіріп, өрттің өршіп кететінін,сол үшін алдымен жалынды сөндіру керек екенін бірден түсінеді. Абырой болғанда су құбыры бүлінбепті. Пластмасса шелектер еріп кеткен. Татьяна ескі темір шелекті тауып алып, еденге, қабырғаға шаша бастайды. Қанша уақыт өткенін білмейді. Оттың беті қайтқан соң басқа бөлмелердің есігін ашып, атаны іздей бастайды. Бөлмелердің қабырғалары қол тигізбестей ысып кеткен. Зейнеткер жатын бөлменің еденінде жатыр екен, тыныс алуы қиындап, жөтелуде. Татьяна оны көтере алмай, үстін жамылғымен жабады. Осы сәтте қарияның ұлы келіп, екеуі Юрий Шурыгинді кереуетке көтеріп жатқызды, медициналық қызметкер де келіп, алғашқы көмек көрсетеді...
Қазір зейнеткер өзін қауіпсіз сезінуде. Оған ұлы қарап отыр.
Белоглинка ауылдық округінің әкімі Асқар Биртазин осы аптада Татьяны көпшіліктің алдында марапаттап, Құрмет қағазы тапсырамыз деп отыр. Қарабалық аудандық ТЖБ бастығы Сейітсәруар Құлбаев та төтенше жағдай департаменті мен аудан әкімдігіне Татьяны марапаттау жөнінде хат жазамыз дейді. Егер ол болмағанда өртті сөндіріп үлгермес еді.
Ал Татьяна (өзі түтіннің зардабынан әлі жөтеліп жүр) ерекше ештеңе істемегенін айтады. «Мен тек өртті сөндіріп, ары қарай жұмысыма кетуді ойладым. Себебі, келесі зейнеткерге баруым керек болатын», - дейді әлеуметтік қызметкер. Нәтижесінде бұл азаматша өртті сөндірді, адамның өмірін де сақтап қалды, ары қарай да жұмысына үлгерді.