«Оңтүстік-Цирк» ғимаратында өрт сөндірушілердің ауқымды оқу-жаттығуы өтті. Бұл нысан төтенше жағдай қызметкерлерінің мұқият қадағалауында тұрады, себебі, өрт шыға қалған жағдайда көрермендер мен цирк қызметкерлерімен қоса жануарларды да қауіпсіз жерге шығару керек, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Жоспарға сәйкес өрт қысқа тұйықталу салдарынан цирк сахнасы жақтағы манеждің жанынан шығып, бүкіл ғимаратқа жайыла бастады. Цирктің ішін қою түтін жайлағандықтан, ғимаратқа түтіннен қорғау бөлімінің қызметкерлері алғашқылардың бірі болып кірді. Өрт сөндірушілер ең алдымен әлі сыртқа шығып үлгермеген адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, өртті сөндіруге кірісті. Бұл оқу-жаттығуға 10 арнайы техника мен жеке құрамнан 70-ке тарта қызметкер қатысты.
– Мұндай оқу-жаттығуды біз жыл сайын өткіземіз. Күн сайын бізге көптеген көрермен келеді, арасында балалар да жетерлік. Сондықтан, өрттің таралуына жол бермеу жолдарын білуге тиіспіз. Біздің барлық қызметкеріміз өрт шыққанда қалай әрекет етуді біледі. Бұл тұста төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері де көмектеседі. Олар тек қызметкерлерімізге ғана емес, көрермендерге де ақыл-кеңес береді. Соңғы рет екі апта бұрын цирк қойылымындағы үзіліс кезінде көрермендерге кеңес берді. Сондықтан, біз төтенше жағдайға дайынбыз, - дейді «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің директоры Арман Әлиев.