​"Қай соғыстан қалған?" Мектеп асханасы депутаттардың наразылығын тудырды

14 қаңтар, 16:10

Шымкенттегі мектеп асханаларындағы тексеру жалғасуда. Құрамында депутаттар, басқармалар қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері бар комиссия мүшелері биыл А.Пушкин атындағы №1 мектеп гимназиясына барды. Мұндағы ас мәзірі мұқият тексеріліп, комиссия мүшелерінің сынына ұшыраған жоқ. Тек ескі ыдыстар, нақты айтқанда, кастрюльдер халық қалаулыларының көңілінен шықпады. Олар әзілдеп, бұл ыдыстардың қай соғыстан қалғанын сұрады.


«Асханадағы көрініс өте маңызды. Бұған дейінгі тексеру барысында біз осы мектепке келгенбіз, ас мәзірі бойынша бірнеше ескерту болған. Қазіргі таңда ол олқылықтар жойылған. Бүгінгі біздің мониторинг тобымыздың мақсаты – бракераж комиссияларының жұмысын бақылау. Ол комиссиялар барлық мектептерде құрылған. №1 мектепте сол комиссияның жақсы жұмыс істеп жатқанына толық сенімді емеспіз. Бүгін бірде-бір ескерту немесе ұсыныс жазылған хаттама көрмедік. Бракераж комиссиясының жұмысына жауап беретін медбике күн сайын ескертулер мен ұсыныс жасайтынын айтып отыр. Тек, ауызша. Мұның барлығы сенімсіз айтылды», - деді «Нұр Отан» партиясының қалалық филилалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
Депутаттың пікірінше, бракежар комиссиясының құрамында мектеп жетекшілеріне бағынышты емес адамдар көп болуы тиіс. Нақты айтқанда қоғам қайраткерлері, блогерлер мен журналистар.
Мектеп асханасындағы бағаға келер болса, асхананы жалға алушылар тағамдардың бағасы ата-аналарға қымбат тимейді дейді. Нақты айтқанда, бірінші тағамдар – 100 теңге, екінші тағамдар 200-250 теңге тұрады. Айта кетейік, бұл мектепте 4 мыңнан астам оқушы білім алады.

«Бізде тегін тағаммен 111 адам қамтылған. Ас мәзірін ай сайын жаңалап отырамыз. Күн сайын мұнда 1500 ыстық ас ішіледі. Майлы тағам дайындамаймыз. Ас мәзірімізде сорпалар, борщ пен рассольник сорпасы бар. Біздің жұмысымызды қоғамдық денсаулық саласының мамандары тексеріп отырады. Ас мәзірін құрайтын технолог жұмыс істейді. Мамандардың өткен жолғы ескертулерінің арасындағы қасықтарды, тақтайшаларды жаңалау секілді ұсақ ескертулер орындалды. Бірақ, түтін тартқышымыз жақсы жұмыс істемей тұр. Бүгінгі таңда жалға алуға 100 мың теңгеге жуық, коммуналды қызметке 150-180 мың теңге төлейміз», - деді асхананы жалға алушы Эльвира Хайрулина.
Айта кетейік, мониторинг тобының тексеруінен оқушылардың барлығы бірдей үзіліс арасында асханаға кіре алмады. Дегенмен, педагогтар журналистерге оқушылар мен мұғалімдердің дер кезінде ескертілгеніне, ешкім аш қалмағанына сендірді.
Жалпы, мониторинг тобы қаладағы барлық мектепті аралап шықпақ. Еске салайық, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы, асханаларды жалға алушылар мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әріптестік бойынша келісім жасаған. Тараптар қол қойған меморандум аясында білім беру ұйымдарындағы дұрыс тамақтануды ұйымдастыру бақылауға алынады.