Төле би ауданы, Леңгір қаласындағы 1-шағынауданның тұрғындары көптеген жылдан бері кәріз жүйесі болмауының зардабын тартып келеді. Барлық қалдық тұрғын үйлерден бірнеше метр жерде орналасқан үлкен шұңқырларға жиналуда.
Дегенмен, жауапты тұлғалар аса үлкен проблема жоқ деп отыр. Олардың айтуынша, сүзгі алаңдары қоршалып, жарықтандырылған, сондықтан қазіргі таңда жағдай әлдеқайда жақсара түскен дейді. Бұл мақсатта 2018 жылы 20 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Instagram желісіндегі парақшамыздағы постқа Төле би ауданының әкімдігі мынадай жауап берді (мәтінді өзгеріссіз салып отырмыз):
«2018 жылы аудандық бюджеттен Төле би ауданы Леңгір қаласындағы 1-шағынаудандағы №3 кәріз-тазарту құбырларын қайта жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға 3360,0 мың теңге бөлінді.
Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қарауына жіберілді.
Жоба бойынша кәріз жүйелерінің қуаттылығы тәулігіне 2600 т.м. құрайды, сүзілген суды екі егістікке жіберу қуаттылығы – 7384 ш.м.
Осы 3-кәріз-тазарту желісін салу барысында 1-шағынауданның тұрғындары кәріз-тазарту құбырларымен толық қамтамасыз етіледі».
Ал әзірге мұнда заманауи тазарту желісінің белгілері байқалмайды. Ең сорақысы – барлық қалдық ашық аспан астында жатыр. Ал жылы ауа райында мұндағы шұңқырлардан көтерілген бу мен иіс бүкіл шағынауданға тарайды.
«Леңгірсу» ЖШС экономисті Мұрат Билеровтың айтуынша, 26 үй, монша, тойхана және қалалық аурухананың кәріз сулары осында жиналады. Ал бірнеше метр жерден Бадам өзені ағып жатыр. Яғни, қалдық судың өзенге қосылу қаупі бар деген сөз.
Бұл қалдық судың құрамын анықтау үшін біз сынама алып, Түркістан облыстық экология департаментінің зертханасына тексеруге жібердік. Нәтижесі бірнеше күннен кейін белгілі болады. Бұл тақырыпқа сонда қайтып ораламыз.