Студенттерге түнгі 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған

27 сәуір, 09:36

Заңнамаға сәйкес жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге болмайды. Бұл туралы Шымкенттік полицейлер колледж студенттерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.

Полицейлер «Қылмыстың алдын алу» тақырыбында Шымкент қаласындағы жол-көлік колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Мақсат - жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмыстың өсуіне жол бермеу.

Полицейлер жасөспірімдерді қоғамдық орындарда құқықбұзушылық жасамай, тәртіп сақтауға және мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда спортпен шұғылдануға шақырды.

Студенттердің тарапынан қойылған сұрақтарға Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметкерлері барынша толық жауап беруге тырысты.

Кездесуге колледж мұғалімдері және 300-ден астам студенттер қатысқан.