"Тірідей өртеніп кете жаздады": Үйі жарылған шымкенттік отбасы көмекке зәру (ВИДЕО)

10 желтоқсан, 20:49

​Шымкентте осыдан бір жыл бұрын газ жарылып, үйінің дымы қалмаған отбасы әділдік іздеп шарқ ұруда. Айдың күннің аманында далада қалған олар жарылысқа кінәлілер жазаланбай отыр дейді. Бұл туралы Elitar.kz тілшісі хабарлайды.

Жантүршігерлік оқиға өткен жылдың 19 желтоқсанында Тассай елдімекенінде орын алды. Отағасы таңғы уақытта көлігін қыздыруға беттей бергенде жарылыс шығып, келіншегі мен қызы зардап шегеді.

"Жарылыс сыртта кетіп бара жатқан мені ұшырып жіберді. Орнымнан тұрып, ішке қарай жүгіргенім сол әйелім шығып келе жатыр екен. Үстінде киімі де қалмаған, оны өшірдім. Бірінші сыныпта оқитын қызым артынан жанып шығып келе жатыр. Басының жартысы жанып кеткен",-деді отағасы Қуаныш Сиқымбаев.

Зардап шеккен әйел денесінің 52 пайызын, ал қызының 37 пайыз денесін күйік шалып жан сақтау бөліміне жеткізіледі. Беті мен ақ-қолдары адам көргісіз күйге түскен олар үш ай ауруханада ем алыпты. Қазір бірінші топтың мүгедегі. Екеуі де далаға шығудан қалған. Бетінің сау жері қалмаған жеті жастағы қыз үйде білім алуға мәжбүр. Отағасы жарылыстың шығуына көршісін кінәлап отыр. Бұл бойынша іс қозғалғанымен, әлі нүкте қойылмапты.

"Көшеден өткен көршіміздің газы жалғанған ғой. Соны заңыз дейді құзыретті органдағылар. Заңсыз қосқан, ешқандай құжаты жоқ дейді... Әлі тергеу болып жатыр. Жақында бір жыл болады. Бітпейтін не қылған тергеу екенін түсінбедім. Бәрі белгілі болып тұр...",-деді Қуаныш Сиқымбаев.


Отағасы жарылысқа кінәлілер келіншегі мен қызының күйік шалған терісін қайта қалпына келтіру үшін жасалатын отаның шығынын көтеріп, жарамсыз қалған үйді қалпына келтіріп берсе болды дейді. Айта кетерлігі, зардап шеккен жандар алғашқы отаны Алматыда квота арқылы жасатып келген. Алда әлі бірнеше хирургиялық ем жасалуы тиіс. Оған квота бөліне ме, жоқ па белгісіз.
Корея елінде емнің бұл түрі 7 мың доллардан басталады. Қарапайым ғана мұғалім болып жұмыс істейтін отағасы үшін мұнша қаражатты табу мүмкін емес. Шарасыз күйге түскен отбасыға қол ұшын беремін дейтін жандар үшін отағасының байланыс нөмірі мен есепшотын назарларыңызға ұсынамыз.

+7 777 884 76 76

Куаныш Сарсенбаевич Сихымбаев

HALYK BANK: KZ426010002010019699