Мемлекеттің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған 300 орындық мектептің едендері шіріп, қабырғалары құзданып кеткен. Шатырдан су өтетіндіктен сынып бөлмелерінің қабырғалары құзданып, қақырап, тіпті төбе сылақтары да түсіп тұр. 12 жыл бұрын қолданысқа берілген мектепте жылу жүйелері дұрыс жүргізілмеген екен. Ғимарат іші салқын. Дәл қазір мектептегі бес сынып бөлмесі жабық тұр. Ондағы оқушыларды күн түсетін бөлмелерге ауыстырдық, -деді мектеп директоры.
Мектептің спорт залындағы көрініс тіпті кісі шошырлық күйде - едендері ойылып жатыр. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрмахан Байзалиев соңғы төрт жылдан бері оқушылардың спортпен шұғылдануында қиындық туып жатқанын жеткізді. Спорт залына қыстың күні ғана амалсыз сабақ өтіледі. Ал іште балалар шұрық-тесік еденге шалынып, аяқтарын шығарып алған жағдайлар болып тұратынын ашына жеткізді.
Мектеп директоры Әшімхан Балабеков бұл мәселені 10 жылдан бері көтеріп келе жатқанын жеткізді. Әзірге нәтижесіз. Мектепте ауыз су жүйесі де кіргізілмепті. Суды мұндағылар сыртта қазылған құдықтан алып ішеді.
Әшімхан Балабеков, «МАЙБҰЛАҚ» ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ :
Бұл - 12 жыл болды айтылып келе жатқанына. Қыстың күні біздің сынып бөлмелеріміз ешқашан жылыған емес. Жыл сайын жаңбыр жауған кезде бірінші қабат пен мектептің оң жақ бөлігіндегі терезелерден жаңбыр ішке кіреді. Сондықтан біз қыстың күні бес сыныптың оқушылары күншығыс жақтағы бөлмелерге ауыстыруға мәжбүрміз. Кемшілік өте көп.
Осы мәселеге орай Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының өкілі «Майбұлақ» жалпы орта мектебінің спорт залын жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.
Әмірхан Мамытбеков, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Аталған мектептің спорт залының еденін жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп (17 млн 450 мың теңге), 2022 жылдың жазғы демалысында ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, қазіргі таңда, мектеп ғимаратының техникалық жағдайын анықтау мақсатында арнайы сарапшылардың зерттеу қортындысын алу бойынша жұмыстар басталғандығын мәлімдеймін. Техникалық қортындыға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатын болады.