Ордабасы ауданы Ынталы ауылының 39 жастағы тұрғынының өліміне қатысты марқұмның туыстары өз болжамдарын айтты.
«Сол күні күйеу балам өзімен бірге екі бөтелке коньяк әкеліпті. Сіңліме іш дегенмен ол бас тартқан. Содан аузына құйып, одан моншаға кіргізіп алып басынан бөтелкемен ұрыпты. Аямай ұрған, сыртқа шығарып арыққа аунатып та ұрған, тепкен. Одан үйіне пеш тамына сүйреп әкелгенде ол жерде пештің домалақ темірлерімен басынан ұрған, басында дәу-дәу тесіктер бар. Мұның бәрі бала-шағасының көз алдында болған. Олардың қой дегеніне қарамапты. Ұрып, айқайлап тықсыртқан.Ол жерде сіңлімнің енесі де болған, оған да дес бермеген. Шала жансар сіңлімнің үстіне бір шелек су құйып, қазір есін жияды деп қарап тұрған.Сыртқа шығарып, үстіне секірген».
- Қызымның тісінен тіс қалмаған, шашынан шаш қалмаған. Айуандықпен азаптап өлтіріп отыр. Ұрып тепкені аздай үстіне шығып секіріп, қабырғаларын сындырған. Жүрегі мен өкпелерін бір-біріне жапсырып жіберген секіре беріп. Сондай айуандықпен өлтіріп отыр, -деді марқұм Үкіләй Сартаеваның анасы Қаламқас Сартаева.
- Сіңлім балаларын көтермей тұрып та талай көкала қойдай болып жүргенін көргем. Сол кезде-ақ онымен өмір сүру жақсылықпен бітпейтінін ескерткенмін. Бірақ сіңлім көне қоймады, төзіп келді. Күйеу баламыз мұның бәрін «шегіп» алып жасаған ғой. Оған ішімдік ішкені тағы қосылғасын оңсын ба?.. Бұрын да анаша шегіп жүретін. Екі-үш жыл бұрын «кодирование» жасаған. Ол кезде жақсы болып қалды, тәуір болды ғой қатарға қосылып деп қуанып қалғанбыз бәріміз. Енді міне, ақыры мынау болып отыр. Араша түсіп шырылдаған балаларына қыңқ демеген. Өлім аузында жатқан сіңлімді көре тұра «қазір тұрып кетеді бұл, әшейін жатыр...» деп қарап тұрыпты. Соның бәрі есірткінің әсері. Полицияға үлкен қызы тығылып жүріп звондаған. Ертерек шақырғанда сіңлім аман қалар ма еді, енесі ешкімді шақыртпапты. Енді енесі де жауап берсін бұл сұмдыққа, - дейді Бақыт Саймасаева.