Түркістан облысында үш биге арнап ескерткіш ашылды

29 сәуір, 13:24

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында "Бабалар рухына тағзым" кешенінде қазақтың үш биіне арнап ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Elitar.kz.

Шарапхана ауылында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының игері Асанәлі Әшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов пен мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов сынды азаматтар қатысты. Еңселі ескерткіш мемлекет қайраткері, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтың бастамасымен және «Түгейболат баба» қорының есебінен орнатылды. Ұлы дала даналарының бірі - Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерей тойына орай ұлттың ұлы билері Төле, Қазыбек және Әйтеке биге орнатылған тас мүсіндердің ашылу салтанатында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, айтулы шараның маңызына тоқталып өтті.

«Бүгінгі өткізіліп жатқан шараның маңызы орасан зор. Өйткені, тарих қойнауындағы атақты билердің есімін қайта жаңғыртып, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етудің өзі үлкен тәрбие екенін ұмытпауымыз керек»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Шамамен 100 млн. теңгеге тұрғызылған ескерткіштер Қазығұрт ауданы арқылы өтетін Шымкент - Ташкент халықаралық күре жолының бойында, «Бабалар рухына тағзым» кешенінде бой көтерді.

Жиын соңы республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен және ұлттық спорт ойындарымен жалғасты. Ұлы билерге арнап құран бағышталып, ас берілді.