Түркістан облысы Келес ауданында 800 келіге жуық дәнді дақыл мен 150 келі сарымсақ жымқырған екі жас жігіт ұсталды.
Келес аудандық полиция бөліміне дәнді-дақылдарды көтерме бағада сатумен айналысатын жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, оның үйінің ауласына белгісіз біреулер жасырын кіріп, 10 қап ноқат, 2 қап ловия, салмағы 30 келі болатын маш, 1 қап күріш, 5 қап сарымсағын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі - 1 миллион теңге.
«Аталған жайт ҚР КҚ-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру шаралары кезінде жәбірленушінің ұрланған дақылдары өзгеге сатылғаны анықталды. Жан-жақты жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде өзгенің мүлкін сатып кеткен күдіктілердің көлігі, олардың жүрген жері анықталды. Сол арқылы көлік көшелердің бірінен тоқтатылды. Күдікті ретінде екі жас жігіт анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, іс құжаттары жеделдетілген түрде сотқа жолданды»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.
Екі жас жігіт мінген көліктен 1 қап күріш пен 1 қап маш айғақты зат ретінде алынған. Белгілі болғандай, күдіктінің бірі бұған дейін жәбірленушіге тауар өткізіп жүрген. Содан ақша қажет болғаннан кейін туысымен бірге ұрлыққа түсіп, арам ойын іске асырған.