Түркістан облысында жомарт жан екі отбасыға үй салып берді

11 ақпан, 14:30

"Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасына есімі енген азамат өз қаржысы есебінен көпбалалы екі отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz. ​

Қазығұрт ауданының кәсіпкері Сырым Ертаев қайырымды іспен тұрақты түрде айналысып келе жатқан азаматтарыдң бірі. Қазақстанда ет экспортының әлеуетін көтеріп, шетелге тасымалдап жүрген бизнесмен көптеген жерлестерін тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жомарт жүректі кәсіпкерге алғысын білдірген екі отбасы бүгінде жаңа баспаналарында бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

Қазіргі таңда Қазығұрт ауданында қайырымдылық жасаудан жарыс өтіп жатыр деуге болатындай. Мәселен, жуырда ғана еліміздегі 11 миллионыншы қазақтың отбасына аудан әкімдігі жаңа пәтердің кілтін тапсырды. Мұхтар Әбдірахым Қазығұрт ауданы, Қарабау ауылдық округі, Үшбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол Қазақстанда туған 11 миллионыншы қазақ болып тіркелген. Мұхтардың әкесі Мәлік Бадамбаев ауыл шаруашылығымен айналысады. Анасы Шолпан Күдербекова – мектепте мұғалім. Үйлі болған отбасы ел азаматтарына алғыстарын айтты.

Күні кеше ғана Қазығұрт ауыл округінің тұрмысы төмен 30 отбасына депутаттардың демеушілігімен азық-түлік беріліп, көмек көрсетілді. Отбасыларға облыстық мәслихат депутаты Н.Аширов және аудандық мәслихат депутаттары демеушілік танытты. Ал аудандық "Жалында жастар" қоғамдық бірлестігі облыс және аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген отбасыларға үй-жиһаздарын және азық-түлік алып берген. Қайырымдылық іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.