Түлкібас ауданында 2018 жылы мектеп жасындағылар арасында 7 суицид оқиғасы орын алған. Оның екеуі аяқталған болса, қалған оқиғаларда жеткіншектер өз-өзін өлтіруге оқталған. Бұл туралы аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың есептік жиынында айтылды. Алайда мұндай деректер аудан әкімінің жыл бойына атқарған жұмыстарын бағамдау үшін арнайы келген Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Әуелхан Тұрғынбековті алаңдатып қойды. Жергілікті билік өкілдері мен тәртіп сақшыларына жұмысты ширатуды тапсырған аппарат басшысы Түлкібас ауданында өзге де қылмыс түрлерінің белең алып отырғанын жайып салды. Айтуынша, былтырғы жылы адам өлтіру оқиғасы, қарақшылық, ұйымдасқан қылмыс өршіп, жол көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар саны артқан. Аудан басшысы суицидті болдырмау мақсатында білім саласы мамандарымен бірлескен түсіндіру шаралары жанданып келеді деп сендірді. Өз-өзіне қол жұмсау деректерінің себебін әлеуметтік мәселелермен байланыстырған әкім оқушылар арасында тәрбиелік-тағлымдық жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Автор: Мақпал Рысбаева