Түркістан облысындағы Сайрам ауданында өз-өзіне қол салу дерегі көбейген

05 тамыз, 18:34

Сайрам ауданында тұрғындар арасында суицид жағдайының тіркелуі артуда. Ағымдағы жылдың 7 айында 54 тұрғын өз өмірін қиюға оқталған. Оның ішінде 17-сі бақилық болса, 37-сі аман қалған. Бұл туралы ауданы әкімі Ұласбек Сәдібековтің төрағалық етуімен өткен жиында айтылды.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәбит Реметов пен осы бөлімге қарасты әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторының меңгерушісі аудандағы ахуал туралы баяндаған.

Ұласбек Сәдібеков жауаптыларға суицидке бейім жастармен, сонымен қатар отбасында зорлық-зомбылық көрген, тұрмысы төмен жандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, жан-жақты зерделеуді тапсырды.