Түркістан облысының полицейлері «көкнардың» кезекті ірі егістігін жойды

08 маусым, 18:53

Жедел уәкілдер Сарыағаш ауданы тұрғынының үйін тінту кезінде оның ауласынан 2 400 түп есірткіге ұқсас өсімдікті айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жіберді. Зерттеу қорытындысына сәйкес ол, жалпы салмағы 47 келі болатын «көкнар» болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 300-бабымен "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу істің толық мән-жайын және күдіктінің үйде есірткі заттарын қандай мақсатта өсіргенін анықтайды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлері "Қарасора-2022" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның мақсаты есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы деректерін анықтау, есірткіні жеткізу арналарын жабу және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу болып табылады.