Түркістан облысының тұрғыны көмекші көлік жасап шықты

18 сәуір, 13:49

Ауыл шаруашылығына таптырмайтын «темір тұлпарды» Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округі, Лесбек батыр елді мекенінің тұрғыны Абзал Жасұзақ құрастырды. Ол бұл техниканы жинап шығуға жарты жыл уақытын жұмсаған. Шағын ғана жаңа техника мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары үшін таптырмас құрал болғалы тұр. Көлік қожалық аймағында жүк тасуға, қора тазалауға, тағы басқа жұмыстарға өте қолайлы, -дейді шебер.

Абзал Жасұзақ мектепті бітірген соң техникаға әуестігіне байланысты білімін Абай ауылындағы №13 кәсіптік колледжінде жалғастырған. Бұған дейін де 33 жастағы әуесқой маман мал шаруашылығына ыңғайлы бірнеше құрылғылар жасап, оларды пайдалана білген. Жақында жасап шыққан бұл техникасын Абзал шебер "SherAz" маркасымен таңбалапты, онысы "Шебер Абзал" дегенді білдіреді екен. Өнертапқыш қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысады. Оның айтуынша, күнделікті айналысып жүрген кәсібінде бұндай техникалардың пайдасы мол, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.