13-маусым күні Кентау қаласындағы 5 қабатты үйден шыққан өртке алғашқылардың бірі болып патрульдік полиция тобының инспекторлары полиция аға лейтенанттары Мұрат Жүйрікбаев пен Асылбек Рақмет жеткен. Тәртіп сақшылары келген бойда өрт болып жатқан пәтерге көтеріліп, оның темір есігін бұзуға әрекет еткен. Оларға басқа да тұрғындар көмектесіп, барлығы бірлесіп есікті құлатқан. Полицейлер пәтердің есігі ашылған бойда түтін болып жатқан үйге газдан қорғайтын аспапсыз кіріп кеткен. Мұндағы басты мақсаттары үйдегі тұрғындарды мүмкіндігінше аман алып қалу. Өздерінің денсаулықтарына кері әсері тиетініне қарамастан полицейлер қою көк түтіннің ішіне еніп, іштегі 10 жасар қызды алып шығады. Оны бірден сыртқа шығарып, жедел жәрдем көлігіне салып жібереді. Кіреберіске түтін жайлап жатқанын көрген полицей М.Жүйрікбаев, қолындағы қаруын пайдаланып, ыс шығып кету үшін терезесін сындырады. Осы сәтте қолынан жарақат алған. Десекте оған қарамай, жұмысын абыроймен атқарып шыққан. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Кентау ҚПБ-нің жеке құрамы толық жұмылдырылған, деп баяндайды оқиға барысын Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы.
«Ақпаратты алысымен жедел, небәрі 2 минутта оқиға орнында болдық. Содан бірден 5-қабатқа көтеріліп, пәтердің есігін бұздық. Іштен қызды, басқа да бірнеше көршілерін алып шықтық. Қазіргі таңда қыздың жағдайы жақсы екенін естідік. Осы үшін қуанамыз. Ең бастысы адамдардың амандығы, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы. Осы бағытта шаршамай қызмет ете береміз. Алайда кішкентай ұл баланы құтқара алмай қалғанынымызға өкінеміз»-деп атап өтті.