Түркістанда мектеп жасындағы ер балалар мен олардың әкелерімен кездесу өтті

29 қаңтар, 12:00

Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында 8 бен 11 сынып аралығындағы 150 ер бала және олардың әкелері қатысуымен жиын өтті. Мақсат - мектеп жасындағы оқушылардың қатысуымен жасалатын қылмыстың алдын алу, тәрбиелі де тәртіпті болу. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш шарада ұлдар тәрбиесі, тәртібі,мейірімділігі, бір-біріне деген бауырмалдығы жөнінде келелі әңгімелер айтылып, әрбір бозбала келешекте елдің нағыз патриотына айналуы тиіс деген пікірлер ортаға тасталды. Жиынға қатысушы мамандар әр қазақ бір-бірін жалғызым деп көмектесуге, сыйласуға, құрметтеуге бейім болу керектігін шегелеп айтты. Бұзақылықтың түбі құрдым мен түрме екені сөз болды.

Ал №11 жалпы орта мектебінде жоғары сынып оқушылары арасында «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен заң сағаты ұйымдастырылып, әлімжеттік пен бұзақылықтың алдын алу мәселесі талқыланды. Мұндай жиындар Түркістандағы өзге мектептерде де жалғасын табады.