«Мен бүкіл ата-аналардан кешірім сұраймын. Мойындаймын баламмен болған жайды. Кешіріңіздерші мені, балам үшін», - деді оқушылар төбелесіне қатысқан жасөспірімдердің бірінің анасы. Жеткіншектің анасы көз жасын тыя алмады, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Еске сала кетсек, 21 қаңтар күні әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары «разборкасының» видеосы тарап кетті. Күллі Қазнетті шулатқан видеодан бір топ жасөспірімнің төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік танытып, тіпті тепкінің астына алғанын көруге болады. Қазіргі таңда бұл жағдайға қатысы бар жеткіншектер анықталып, тіпті қылмыстық іс те қозғалды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекованың айтуынша, оқиға 18 қаңтар күні сабақтан тыс уақытта «Бекзат» мөлтекауданында орын алған.