Шымкентте көмір бағасы төмендетіледі, ендігі кезек - тасымалдаушыларда

26 қараша, 12:30

ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек жеткізушілермен меморандум жасалған соң елдің бірқатар аймақтарындағы көмір бағасының төмендеуі жайлы болжамымен бөлісті, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Меморандум бойынша мына аймақтарда көмір бағасы төмендейді:

"Ақмола облысында көмір бағасы орташа есеппен 2 200 теңгеге дейін төмендейді (16%) - Макинскіде - 14 000 теңгеден 11 700 теңгеге дейін, Шучинскіде - 13 300-ден 11 450 теңгеге дейін, Көкшетауда 13 740-тан 11 500 теңгеге дейін арзандайды. Алматы облысында көмір бағасы орта есеппен 3000 теңгеге (18%) түседі: Панфилов ауданында 16 000-нан 12 900-ға дейін, Қарасай ауданында 14 500-ден 11 400-ге дейін, Үштөбеде 13 400-ден 11 900-ге дейін арзандайды. Айырмашылық - 1500 теңге", - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, СҚО-да көмір бағасы 16 %-ға дейін төмендейді: Тайыншы ауданында 13 500 теңгеден 11 250-ге дейін, Петропавлда 14 100 теңгеден 11 950 теңгеге дейін, Уәлиханов ауданында 13 500 теңгеден 11 555 теңгеге түседі.
Шымкентте көмір бағасы 14 700 теңгеден 12 150 теңгеге дейін төмендейді (17%), айырмашылығы 2550 теңгені құрайды.
Осылайша меморандумның нәтижесі бойынша Шұбаркөл көмірінің бағасы теміржол тұйықтарында орташа есеппен 15-20% төмендесе, Қаражыра көмірі кемінде 6% пайызға арзандады", - деді Жеңіс Қасымбек.
Көмір бағасын сөз еткен министр бұл тұста көп мәселе жергілікті тасымалдаушылардың да бағасына қатысты екенін айтты.
- Баға негізінен теміржол тұйықтарында төмендетілуде. Ал тасымалдау, жеткізу - жергілікті әкімдіктердің жұмысы. Егер бұл жұмыстар орындалмаса, біз 15-20 пайызға түсірген баға тасымал есебінен тағы көтерілуі мүмкін. Тасымалдың кесірінен бүкіл жұмыс зая кетуі ғажап емес. Үкімет тарапынан ауқымды жұмыс істелді. Біз көмірді негізгі тасымалдаушылармен келісім жасадық, жұмыс аяқталды. Ендігі негізгі жұмыс - соңғы тұтынушыға дейін жеткізу. Жергілікті әкімдіктерден осы жұмысты қолға алуды сұраймын, - деп тапсырды Б.Сағынтаев Үкімет отырысында.