Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осындай суыт хабармен бөлісті.
«Достар, сіздерге біртуар ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҒА академигі, ҚР еңбегі сіңген ғылым және техника қайраткері Байпақов Карл Молдахметұлының дүние салғанын қайғыра отырып хабарлаймын.
Оның бүкіл ғұмыры – халқына қызмет етудің жарқын үлгісі, Карл Молдахметұлы өзінің еңбектерімен біздің Отанымыздың тарихы туралы, археология мен мәдениеті туралы білімімізді байытты.
Жуырда ғана біз археологиялық орталықтарды зерттеу туралы ауқымды жоспарлар құрған едік, бірақ, өкінішке қарай, олар орындалмай қалды. Карл Молдахметұлының ісін жалғастырудың маңызы зор деп санаймын.
Бұл қаза менің де қабырғамды қайыстырып кетті. Досымды, ойымыз бірден жерден шығатын жолдасымды, таңғажайып жанды жоғалттым. Орны толмас қаза.
Карл Молдахметұлы, Сіздің орныңыз ойсырап қалды. Иманды болсын.
Карл Молдахметұлының жақындары мен туыстарының барлығының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», - деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.
Карл Молдахметұлы орта ғасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азия бойынша зерттеу жүргізген аса танымал мамандардың бірі болды. 1991 жылдан бастап Ұлттық ғылым академиясының археология институтын басқарды. Байпақов ежелгі Отырар, Алматы облысындағы Қойлық қалашығы және басқа да ескерткіштерді зерттеуде өлшеусіз еңбек сіңірді.
Elitar.kz АА агенттігі Карл Молдахметұлының барлық жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.