04 қараша, 17:26
Ақтауда әуежайдың жүк тиеушісі жолаушылардың жүгіндегі алтын бұйымдарды ұрлап алған. Бұл туралы Көліктегі Полиция департаментіндегілер хабарлады.
Ведомство мәліметінше, әуежай қызметкерінің заңсыз әрекеттерінен «Ақтау–Анталия» және «Ақтау–Алматы» рейстерінің екі жолаушысы зардап шеккен.
Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне «Ақтау–Анталия» бағытындағы әуе рейсінің 41 жастағы жолаушысы өзінің жүгінде болған алтын бұйымдардың (2 неке сақинасы, 2 дана сырға, білезік, алқа) ұрланғаны туралы шағымданған.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, осыған ұқсас өтініш көлік полициясына Алматы қаласының 42 жастағы тұрғынынан да келіп түскен. Ол «Ақтау-Алматы» бағытындағы әуе рейсімен үйіне ұшып келгеннен кейін жүгіне салынған алтын бұйымдардың (гауһар тастары бар сары және ақ алтыннан жасалған сырға-сақиналар) жоғалғанын анықтаған.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын - 1 млн теңгеге жуық.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлік сақшылары әуежайдың 30 жастағы жүк тиеушісін ұстады. Күдіктінің Маңғыстау облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ол өз кінәсін мойындады. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Тергеу жүргізілуде», - деді Оңай Бекеев.