​Алматыда тәртіп сақшыларының «эскорты» бұзақыдан зардап шекті

16 қаңтар, 18:00

Алматы облысы тұрғынының дәрігерлермен кездескісі келмегені соншалық, айықтырғышқа бара жатқан жолда қасындағы полицейлерді ғана емес, өзін алып бара жатқан көлікті де ұрып тастады, деп жазады Elitar.kz Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаментінің ресми парақшасында жарияланған хабарламада айтылғандай, Балпық би ауылында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынды қоғамдық орында мас халде жүргені үшін ұстайды. Дәрігердің қарауынан соң оны Талдықорғандағы медициналық айықтырғышқа алып жүреді.

Мастығы жеңді ме немесе айықтырғышқа барғысы келмеді ме, мас азамат жолда полицейлерге күш қолданып, патрульдік көліктің терезесін сындырған.
«Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жүргізілуде. Олар – ҚР ҚК 380 («Билік өкіліне күш қолдану») және ҚР ҚК 378-баптары («Билік өкілдерін балағаттау»). Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген. Тергеу материалдары жуық арада сотқа жолданады» деп мәлімдеді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мас азаматпен алысып жүріп бір полицей зардап шекті. Дегенмен, дәрігерлердің қарауынан соң ол өзінің қызметін жалғастырды.
Айта кетейік, Алматы облысында 2018 жылы полицейлерге күш қолданудың 26 фактісі тіркелген. Олардың әрқайсысына қатысты ҚР ҚК 380-бабы («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша мұқият тергеу жүргізіліп, барлық дерлік факті бойынша айыпталушылар соттың шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Жыл басынан бері өңірде әзірге тәртіп сақшыларына қарсылық таныту бойынша 7 факті тіркелді. Олардың үшеуіне қатысты ҚР ҚК 380-бабы («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша, төртеуіне қатысты 378-бабы («Билік өкілдерін балағаттау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әр факті бойынша тергеу сотта заңда бекітілген мерзімде қаралады», - дейді полиция өкілдері.