Алматы облысының полицейлері ауылдасына пышақ жарақатын салды деген күдікпен бұрын сотты болған ер азаматты ұстады, деп хабарлайды Elitar.kz Алматы облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл оқиға 15 қыркүйекте Сарқан ауданының Екіаша ауылында орын алды. Сол күні екі ер адамның арасында жанжал туындаған. Салдарынан 1986 жылы дүниеге келген азамат пышақ жарақатымен ауруханаға түсіп, екіншісі белгісіз бағытта бой тасалаған.
"27 жастағы күдіктінің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Кеше Алматыдағы іздеуде жүрген адамның ізіне түскен полицейлер оны жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Қазіргі таңда ол Сарқан қаласына жеткізілді. Факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жергілікті аудандық полицияға тапсырылды", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Полицейлер қылмыс құралы болған және қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде пышақты тапты. Ал зардап шеккен ер азамат әлі де дәрігерлердің бақылауында.