19 қараша, 13:20
Қазақстандық белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірген деген күдікпен ұсталған Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновтың қамауда жату уақыты 15 тәулікке ұзартылды. Ұсталғандардың сыбайласы деп күдіктеліп отырған Жанар Толыбаеваның да қамауда жату уақыты осындай мерзімге ұзартылды. Оған қылмыс туралы хабар бермеді және алдын ала сөз байласу бойынша ұрлық жасауға оқталды деген айыптар тағылуда.
Ал Қиясов пен Құдайбергенов кісі өлтірді, ұрлық және қарақшылық жасады деп айыпталуда.
Еске салайық, мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Алматының қақ ортасында 19 шілде күні кісі қолынан мерт болды. Тергеушілердің мәліметінше, спортшы өзінің автокөлігінің айнасын ұрлап жатқан ұрылармен ұстасып қалған. Соның салдарынан суық қолдылардың бірі Дениске пышақ сұғып, санының көк тамырын жарақаттаған. Көп қан жоғалтқан спортшы ауруханада көз жұмды.

Осы оқиғадан кейін бір апта ішінде полицейлер екі күдікті жігіт пен қылмысты жасырып қалды деген күдікпен қызды ұстаған.
Автор:
Динара Бекболаева, Шымкент