​Қазақстанда ұялы телефон нөмірі бойынша бірден төлем жасау жүйесі іске қосылды

07 ақпан, 14:42

Қазақстанда «Suńqar» бірден төлем жасау жүйесі жұмыс істей бастады. Жүйе 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап бір топ тұлғаның шектеулі тобында пилотты режимде сынақтан өтті. «Suńqar» жүйесі түрлі банктер-жүйе мүшелерінің клиенттері арасында Қазақстан бойынша тез арада төлем және ақша аударуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz.

Жеке тұлғалар арасында ақша аудару үшін қарапайым әрі қолайлы белгі – ұялы телефонның нөмірі қолданылады. Ол нөмір кез келген төлем көзіне – төлем карточкасына, қазіргі банк есеп-шотына, электронды әмиянға тіркелсе болғаны. Қазақстандық банктер «Suńqar» жүйесіндегі қызметтерін өздерінің ұялы қосымшалары немесе Интернет-банкинг жүйесі арқылы ұсынады. Қазіргі таңда жедел төлемдер сервисімен өз қызметтерін «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Altyn Bank» АҚ (China CITIC Bank Corporation Limited еншілес банкі) және «Евразиялық Банк» АҚ ұсынуда. 2019 жылы екінші деңгейлі оннан астам банк осы жүйеге қосылуды жоспарлап отыр. Жаңа қызмет бұл банктердің өз ақпараттық жүйелерін ішкі жоспарларына сай жаңартуы нәтижесінде ұялы қосымшалар мен қашықтықтан қызмет көрсету жүйелерінде пайда болады. Клиенттерге арналған жедел төлемдер мен ақша аударымдарының тарифін банктердің өздері анықтайды. Алғашқы кезеңде «Suńqar» жүйесінде жеке тұлғалар арасында ақша аудару (P2P-аударымдар), оның ішінде түрлі банктер-қатысушылардағы есептеріне (салымдар, брокерде инвест-шоттарды толтыру және т.б.) ақша аудару қызметтері жүзеге асырылады. Жүйедегі сервис дамуы нәтижесінде заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер өз қызметтері мен тауарларына төлемдерді арнайы құрылғысыз, қызмет көрсетуші банктер арқылы қабылдап, жеке тұлғаларға тез арада төлем жасай алады. Нақты айтқанда «Suńqar» жүйесі арқылы QR-кодтарды сканерлеу арқылы ұялы телефонмен бөлшек саудада төлем жасауға болады. Қазақстанда жедел төлемдер жүйесін енгізу халыққа және бизнес өкілдеріне кез келген жерде, кез келген уақытта қолжетімді төлем құралдары мен қашықтықтан жұмыс істейтін каналдар арқылы төлем жасаудың әмбебап алаңшасын ұсынуға бағытталып отыр.