Қазақстанда мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап каникулға шығады. Ал студенттер қашықтан оқыту әдісіне көшеді.
Бұл туралы бүгін Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
«2020 жылдың 16 наурызынан 5 сәуіріне дейін орта білім беру мекемелері уақытынан бұрын демалысқа шығады. 16 наурыздан бастап техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен ЖОО-лар қашықтан оқыту түріне көшеді», - деді вице-премьер.
Ералы Тоғжановтың сөзінше, балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайды. Сонымен қатар базарлар мен сауда орталықтары да қалыпты режимде жұмыс істейді. Ал кинотеатрлар уақытша жабылады. Сонымен қатар вице-премьер өз сөзінде қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жағдайы тіркелмегенін атап өтті.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге келетін болсақ, Қазақстан жарты жылға жететін азық-түлікпен қамтылған.
Елімізде медициналық маскаларды эскпорттауға тыйым салынды.