​Қостанайда мемлекеттік бағдарламамен соғылған үй бұзылуда

21 желтоқсан, 12:46

Бес қабатты үй әлі пайдалануға берілген жоқ, ал ғимараттың қабырғалары шытынай бастады. Құрылысы толық аяқталып қалған үйдің жарықтары анық көрініп тұр, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

11 шілдеде құрылыс тоқтады. Бұл уақытта үйдің іші әрленіп жатқан еді. Құрылысшылар еденді тегістеп, ваннаға кафель жапсырып үлгерген.

Сонда әкімдіктің баспасөз қызметі БАҚ өкілдеріне үйді "СК АлматыСтрой" ЖШС соққанын, ал тапсырысты Қостанай қаласының әкімдігі бергенін мәлімдеді. Құрылыс тоқтаған уақытта мердігер 200 млн теңгеден астам қаржыны меңгерген. Өз кезегінде мердігерлер сол үйдің іргетасының астында жерасты суы көп деп мәлімдеді.

Айта кетейік, көпқабатты үйдің құрылысына облыс бюджетінен 290 млн теңге бөлінген. Жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді. Дегенмен, қоныс тойы болмады - Инвестиция және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық комитеті сарапшыларының қорытындысы бойынша үй қайта бұзылады.
Elitar.kz тілшісіне қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі қазіргі таңда Қостанайдағы мамандандырылған ауданаралық сотта екі процес жүріп жатқанын, онда талапкер - әкімдік, ал жауапкер мердігер екенін хабарлады. Талап-арыздың жалпы сомасы - 290 млн теңге. Іс әлі аяқталған жоқ, сондықтан мердігер қандай жауапкершілікке тартылатыны белгісіз. Ал үйді салған мердігер өз қаржысына бұзады.

Мария Шило
ФОТО: автордыкі