Оның үстіне бұл видеолар «11 regiion» паблигінде жариялануда. Аталған паблик аудиториясының басым көпшілігі жол жүру ережесін бұзуға құмарларға арналған, деп хабарлайды Elitar.kz.
«11 regiion» парақшасынан белгісіз жүргізуші тізгіндеп бара жатқан көлігі мемлекеттік органдардың қызметтік автокөлігі болмаса да арнайы дыбыстарды қолданып, өзге көліктерді жолдан тазартып жатқанын байқауға болады.
Келесі бір видеода "Той өмірде бір-ақ рет беріледі және кортеж де" деген жазуы бар той кортежі жолды жауып, өзгелерге кедергі келтіріп жатқанын көруге болады.
Осыған ұқсас видеоларды қаланың өзге де көшелерінен байқауға болады. Тек басқа көлік жүргізушілерінің қатысуымен.
Жас жұбайларды айналып жүрген қара түсті "БМВ" көлігінің видеосын бес мыңнан астам қолданушы қараған.
Түн жастардың ең жақын досы дегенмен келісесіз бе? Тасбөгет ауылы тұрғындарының ұйқысын бұзған кортеж түн ортасында жарқ-жұрқ еткен шамдарымен елдің мазасын алды.
Осы ретте бір ғана сауал туындайды. Қызылордада жалпы жол патрульдік полицейлері бар ма? Біздің дереккөздеріміздің мәліметінше, назарларыңызға ұсынылған видео кейіпкерлері ешқандай да жауапкершілікке тартылмаған. Демек құзырлы органдардан қорғанып, айыппұл салынбасын десеңіз, ережені өрескел бұзған сәтіңіздің видеоларын желідегі паблик арқылы осылай ашық жариялау керек пе деген ой туады.