25 желтоқсан, 10:41
Төтенше жағдай 20 желтоқсанда Бөкейхан көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде орын алды. Бұл кезде тұрғындардың басым көпшілігі тәтті ұйқыда жатқан. Тұрғын үйден шыққан өртті байқағандар дереу өр сөндіру қызметін шақырған.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер бесінші қабаттағы алауды көріп, ал түтін дәлізді толығымен алғанын анықтады. Құтқарушылар шұғыл түрде тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Олар төменгі қабаттардан 45 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Оның 20-сы балалар болған. Бірақ қалың түтін жоғарғы қабат тұрғындарына ғимараттан шығуына мүмкіндік бермеді. 28 адам өз бөлмелерінде қалуға мәжбүр болды.
Адамдарды түтіннен шығару үшін құтқару қызметтері бесінші қабаттың терезелеріне бірден 2 саты орнатты.

Өрт сөндірушілер жоғары қабат пәтерлеріне кіріп, тұрғындарды құтқару баспалдақтарына алып келді. Құтқарылған 28 адамның алтауы газбен уланды. Оларға жедел жәрдем қызмет көрсетті. Айта кету керек, зардап шеккендер өрттің негізгі ошағына жақын болған.
Тұрғындарды құтқару операциясы сәтті өтті. Бірақ газ баллонының жарылу қаупі болды. Арнайы мамандар өртке оранған тұрғын үйден 15 газ баллонын алып шықты.

Төтенше жағдай орнында өрт сөндіру штабы мен 2 жауынгерлік участок ұйымдастырылды. Өртті сөндіруге 57 өрт сөндіруші жұмылдырылды, оларға 36 полиция қызметкері көмек көрсетті.
Тұрғын үй ғимараты бір сағат ішінде сөндірілді. Өрт себебі мен залалын сарапшылар анықтайтын болады.
Автор:
Elitar.kz